СЫРДАРИЯ АУДАНЫНЫҢ ОРТАЛЫҒЫ КӨГІЛДІР ОТЫНҒА ҚОСЫЛАДЫ

Жарияланды: 06 қыркүйек, 2019 14:26

 Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов жұмыс сапарымен Сырдария ауданына барды. Бірнеше ауылдарды аралап, ардагерлермен, кәсіпорын қызметкерлерімен, ауыл тұрғындарымен кездесті. Ауданның әлеуметтік және өнеркәсіптік нысандарын аралап, экономикалық даму барысымен танысты.

Алдымен аймақ басшысы Ақжарма ауылдық округіндегі «Ақжарма и К» қожалығының күріш ақтау зауытының жұмысымен танысып, ауыл ардагерлерімен кездесті. Аталмыш қожалық 2014 жылы құрылған болатын. Осы жылы күріш ақтау цехы да іске қосылды. Цех тәулігіне 40 тонна күріш ақтайды, мұнда 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.

Қуанышбек Досмайылұлы «Ақжарма и К» қожалығының демеушілігімен салынып жатқан 5 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен танысты. Айта кетейік, бұл бес тұрғын үй 2019 жыл - Жастар жылына орай салынуда. Бір тұрғын үйдің жалпы алаңы 1500 шм, құрылыс алаңы 110 шм құрайды. Қазіргі уақытта тұрғын үйлердің іргетасы қаланып, кірпіштерін өру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Содан соң, облыс әкімі спорт кешені мен орталық алаңға барды. 2017 жылы облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, 2018 жылдың тамыз айында пайдалануға берілген жабық спорттық сауықтыру кешенінде 14 адам жұмыс істейді. Қазіргі таңда футбол, волейбол, қазақша күрес, дзюдо, белбеу күресі үйірмелеріне 312 бала қатысуда.

Әрі қарай, аймақ басшысы Шаған ауылдық округіндегі «Балбөбек» бөбекжай балабақшасының және «Шаған-жер» ЖШС-нің 3 мың бас малға арналған бордақылау алаңының жұмысымен танысты. Бүгінгі күнге аталған серіктестіктің мал бордақылау алаңында 405 бас мүйізді ірі қара мал бордақылануда. Ағымдағы жылы бордақыланған 104 бас мүйізді ірі қара малын сойып, 18,4 тонна сиыр етін өндірді. Мал бордақылау алаңы 480 тонна жоңышқа шөбімен қамтамасыз етілген. Жем-шөп дайындау жұмыстары жалғасуда.

Келесі нысан –Тереңөзек кентінде бой көтерген жаңа ықшам аудан. 2018 жылы А.Иманов, Н.Ергешбаев көшелерінің қиылысынан жаңа ықшам ауданға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу үшін қаржы бөлініп тиісті жұмыстар жасалған. Қазіргі таңда жер учаскесінде ауыз су, кәріз жүйесі, жылу қазандығымен, газ және асфальт жолдар толығымен қамтылған. №3 және №4 үйдегі жалпы ауданы 2461,44 шаршы метр болатын 42 пәтер пайдалануға берілген.

Сонымен қатар, облыс әкімі ауданға жұмыс сапары барысында Тереңөзек кентін газдандыру жұмыстарының барысымен де танысты. Кентті табиғи газға қосу 2019-2020 жылдарға жоспарланып, мердігердің техникалырымен материалдары жеткізілген. Ұзындығы 11,5 шақырым болатын жоғарғы қысымдағы газ құбыры мен орта қысымдағы №2, №3, №6 газ тарату пунктерінің құрылысы үстіміздегі жылы жүргізілетін болады. 2020 жылы №1, №4, №5 газ тарату пунктерінің құрылысы жүргізіледі. Қазіргі таңда жоғары қысымдағы 3 шақырым газ құбыры үшін траншея қазылып, құбырлары орнатылуда. Сонымен қатар, кентте газ құбырын жүргізу жұмыстарына бақылау жасау мақсатында аудан әкімінің өкімімен арнайы жұмысшы топ құрылып, тұрақты бақылауда ұстап отыр.

2015 жылы наурызда Ассамблея жылы аясында ауданда «Достық үйі» ашылған болатын. Онда халықпен етене жұмыс істейтін ұйымдар - аудандық ардагерлер, әйелдер, мүгедектер ұйымы, «Қазақ тілі» қоғамы мен өзге де ұйымдар орналасқан. Сондай-ақ, 15 000 жуық кітап қоры бар кітапхана, «Қазақстан халқы Ассамблеясы» залы, үкіметтік емес ұйымдарды компьютерлермен, ноутбукпен, телефонмен, фото-видео аппаратурамен және т.б. қажетті заттармен қамтамасыз ететін ресурстық орталық бар.

Аймақ басшысы «Достық үйінен» кейін Жастар ресурстық орталығын аралап көрді. Сырдария аудандық ішкі саясат бөлімінің "Жастар ресурстық орталығы" КММ 2017 жылы қаңтар айында құрылған. Ғимаратта жастардың демалыс орны, конференция залы, кеңес беру орталығы, өз-өзіне қызмет көрсету мақсатында интернет желісіне қосылған компьютерлер жұмыс істейді.

Жұмыс сапары Н.Ілиясов ауылымен жалғасты. 1966 жылы №1 күріш совхозы болып құрылып, 1992 жылдан бері Нағи Ілиясов ауылы аталған бұл ауылдың жер көлемі 17549 гектар, оның ішінде ауылшаруашылық жер көлемі 13129 гектарды құрайды. Нағи Ілиясов ауылдық округі бойынша 2242 адам тұрады. Ауылда әкімшілік үйі, Түймебай Айтбаев атындағы 640 орындық орта мектеп, 90 орындық балабақша, емхана, 375 орындық мәдениет үйі, кітапхана, 1000 орындық стадион және спорт кешені, сонымен қатар, қазпошта бөлімшесі халыққа қызмет көрсетеді. Облыс әкімі бірқатар нысандардың жұмысымен танысып, ауыл ардагерлерімен кездесті.

Қазақстанның Еңбек Ері А.Ералиев басқарып отырған «Абзал и К» компаниясы ауылды абаттандырып, халыққа қажетті нысандарды салуға атсалысқан.

Аймақ басшысы Қуанышбек Досмайылұлы Шіркейлі ауылдық округінде №129 Ә.Жәмішев атындағы мектеп-лицейінде болды. 1931 жылы алғашқы бастауыш мектеп болып ашылған білім ордасының орнына 2015 жылдың 1 қыркүйегінде 600 орындық, екі қабатты типтік жобадағы жаңа мектеп ғимараты салынған. Мектепте информатика, робототехника, мультимедиа, лингафон, тігін және шеберхана кабинеттері, спорт зал, АКТ зал, кітапхана, мектеп асханасы, пән кабинеттері бар. Мектеп жанынан құрылған 60 орындық шағын орталық тұрғындар игілігіне жұмыс істеп тұр.

Содан кейін, «Қалтай Мұхамеджанов атындағы ауылдық мәдениет үйі» жұмысымен, «Шіркейлі» ЖК-нің өндіріп жатқан өнімдерімен танысқан облыс әкімі ауыл ардагерлерімен және жастар бригадасымен кездесті.

Қоғалыкөл ауылдық округінде ауылдық емхананың және «Шаттық» балабақшасының, аудандық жергілікті маңызы бар автомобиль жолына жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты.

Аймақ басшысының іссапары Бесарық ауылдық округінде қорытындыланды. Мұнда №147 орта мектеп пен ауылдық мәдениет үйінде болды.

Жергілікті кәсіпкер «Абай-Дәулет» ЖШС басқаратын азаматтар да Бесарықты аймақтағы алдыңғы қатарлы ауылдардың қатарына қосу үшін еңбек етіп, елге игі істер атқарылуда. Аймақ басшысы аудандағы барлық кәсіпкерлерге ел үшін жасап жатқан қызметтеріне ризашылығын жеткізді.

«Облыстың барлық аудандарын аралап шықтым. Тереңөзекке биыл газ келеді. Аудандағы кәсіпкер, меценат азаматтарға алғыс айтамыз. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, туған жерлерін көркейтуде. Сонымен қатар, аудан орталығындағы әлеуметтік дүкеннің жұмысы көңілден шықты. Осы жобаны барлық аудандарда жүргізу қажет»,-деді облыс әкімі.

Сырдария ауданының тыныс-тіршілігімен танысып, тұрғындарымен кездескен аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақов жауапты сала басшыларына халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, ауданның экономикалық дамуына қатысты тапсырмалар берді.
#Сырелі
#ҚызылордаОблысы
#Қызылорда

Категория: Аймақтың жаңалығы
Көргендер: 43

Қайта оралу

Пікірлер

Пікір қалдыру

Сауал

Пожалуйста, оцените наш сайт

Перед Вами несколько вопросов, которые помогут нам улучшить работу нашего сайта, сделать его удобнее и полезнее.

Сіздің сайтқа бағаныз


Дауыс беруРезультаты